Құрметті оқырмандар!

 

Сіздердің алдарыңызда «Валеология: Денсаулық Ауру Сауықтыру» халықаралық жорналы. Жорналдың алғашқы басылымы 2001 жылдан бастап шығарылды. Осы жылдар бойына басылымның ұжымы сіздер үшін - дәрігерлер, мұғалімдер, экологтар, ғалымдар үшін абыройлы қызмет етіп келеді. Осынау жылдар аралығында қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мақалалар жарияланған бұл журнал 48 рет, 2300 –ге жуық өзінің сапалы да, танымдық мақалаларымен басылып шықты.

«Валеология: Денсаулық – Ауру - Сауықтыру» жорналы жергілікті, жақын және алыс шет елдің ғалымдарының сапалы да, мағыналы мақалаларымен әр қашанда алға жылжуда. Жарияланған мақалалар Қазақстан медицинасында кездесетін күрделі мәселелерді талқылап, дәрігерлердің ғылыми және тәжірибелік жұмыстарының нәтижелерін талдап, жаңа ақпараттар алуға үлесін қосып отырады.     

«Валеология: Денсаулық – Ауру - Сауықтыру» жорналы – кең оқырман қауымына: жоғары оқу орнының ұстаздарына, тәжірибедегі дәрігерлерге, ғалымдарға, эколог мамандарға арналған  арнайы мамандандырылған жалғыз жорнал.

Аталмыш басылым Қазақстан Республикасының әділет министрлігінде тіркелген (Ж - 1135), Халықаралық стандартты номері (ISSN 2226 - 3551) бар ғылыми-тәжірибелік журнал.

Ғылыми-тәжірибелік жорналды көп жылдар бойы профессор, академик, м.ғ.д. Л.З. Тель басқарып келеді. Міне, осы кезеңдерде редакция алқасы мен кеңес мүшелері тікелей атсалысуымен денсаулықты сақтау, нығайту, денсаулықты қалыптастыратын механизмдер, ауру алды күйлер, аурудың алдын алу, аурулардың жалпы даму механизмдері, сауықтандыру механизмдері туралы көкейкесті мәселелер көтеріліп, олардың біршама ғылыми негіздері қаланып, елімізде денсаулық сақтау жүйесіндегі іске асырылып жатқан бағдарламларға өздерінің үлестерін қосты. Әсіресе, АҚШ, Венгрия, РФ елдерінен келген ғалымдар мақалалары өздерінің мазмұндылығымен, ғылыми дәрежелігімен, осы күнгі заманауи сұрақтарымен байланысқан зор сапалы, біліми еңбектер.

Қазақстан ғалымдарының денсаулықты сақтау, нығайту мәселелеріне арналған еңбектері денсаулықтың адам жасына, жынысына, өскен ортасына, тегіне, ішкі дүниесімен байланыстылығына арналып қоймай, адамның ғасырлық өмірінде кездесетін он бір күйзелістік кезеңдерін ашып айтумен ерекшеленді.

Жалпы бұл жорналдың басты мақсаты интегративтік және профилактикалық медицина идеологияларына біліми, ғылыми негізін беріп қана қоймай, денсаулық механизмдерін  жан-жақты ашу арқылы, адамдарды оны сақтауға үйрету болып табылады. Денсаулық механизмін түсіну арқылы, осы саламен айналысатындарды, барлық адамдарды сұлулыққа (ішкі де, сыртқы да), мейірімділікке тәрбиелеу. Дені сау адам өз айналасына үнемі мейір – шапағатын төгіп, мейіріммен ойлайды, мейірімен сөйлейді, мейірімен елжірейді, сүйсіне қарайды, зерттейді, адамгершілік қасиет силайды, сабырлық сақтайды. Міне, осы негіздегі ғылыми ізденістер жорналдың бағыты, басты шарты болып табылады.

  Ғылым жолында үлкен тәжірибесі бар ғалымдардан құралған редакциялық алқасы бар аталмыш жорналдың бірнеше бөлімдері бар:

- «Ғылыми еңбектерге шолу және бас мақалалар»

- «Медициналық валеология»

- «Педагогикалық валеология»

- «Тәжірибелік және клиникалық медицина мәселелері»

- «Тағаммен байланысты аурулар және тағамтану мәселелері»

- «Қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері»

- «Тәжірибеде кездесетін оқиғалар»

Сонымен қатар, жорналда диссертациялардың, ғылыми жұмыстардың аннотоцияларының және монографиялардың рецензияларының қысқаша реферативті ақпараттары жарияланады. Жорнал негізінде профилактикалық медицина мәселеріне арналған 5 жинақ шығарылды.

2002 жылдан бастап журнал Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігіндегі Жоғары аттестациялық комиссия ұсынған тізімге енгізілген. Журнал жайында ақпарат 1932 жылдан бергі мәліметтері бар  ULRICH’S Periodical Directory дерекқорына енгізілген. Жорнал басылымы Қазақстанның  және Ресейдің алдыңғы қатарлы кітапханаларына таратылып отыр.

Жорналды Келешек «Қазақ пошта» ұжымы арқылы таратылу мәселесі де көзделіп отыр.

  

Ғылыми ізденістеріңізді, еңбектеріңізді әрқашанда мейірімділікпен күтеміз, қабылдаймыз.

                                                                                                                                 Е.Д.Даленов